Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясы білім беру, ғылым, кәсіби даярлық және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша шетелдік әріптестерімен сыртқы ынтымақтастық байланыстарын жалғастырып келеді. Халықаралық қызмет Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларына, Академияның стратегиясына және халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Академия Еуропа, ТМД елдері және алыс шетел мемлекеттеріндегі білім беру ұйымдары, ғылыми орталықтар және халықаралық ұйымдармен бірқатар меморандумдар мен ынтымақтастық туралы келісімдер жасады. Бұл келісімдер ғылыми зерттеулерді бірлесе жүргізуге, сарапшылар алмасуға, тренингтер мен конференциялар өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Макан Есболатов атындағы Алматы академиясы білім және ғылым салаларында 150-ден астам келісімдер, шарттар мен өзара түсіністік туралы меморандумдар жасады. Оның 50-ден астамы шетелдік оқу орындары және халықаралық ұйымдармен бекітілген.
Академия курсанттары мен тыңдаушыларының академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, тағылымдамаларға және халықаралық білім беру жобаларына қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға әрі халықаралық деңгейде ведомствоаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді. Айта кету керек, Макан Есболатов атындағы Алматы академиясы ведомстволық білім беру тарихында алғаш рет академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске қосты. Мысалы, Профессионалдық даярлық факультетінің курсанттары Шинхан университетінде (2024 ж. қараша, Оңтүстік Корея), Э. Алиев атындағы Қырғыз Республикасы ІІМ академиясында (2025 ж. сәуір, Қырғызстан), SUSI McCain бағдарламасы аясында Невада штаты Рено университетінде (2025 ж. маусым), Гонконг полиция колледжінде (2025 ж. қыркүйек, ҚХР Гонконг арнайы әкімшілік ауданы) қысқа мерзімді оқу бағдарламаларынан өтті.
2025 жылы Академия бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар — халықаралық жастар форумын, экстремизм, терроризм және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне бағытталған ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастырды.
Халықаралық ынтымақтастық Академияның жаһандық қауіпсіздік саласындағы кәсіби кеңістікке интеграцияланған, ашық әрі заманауи білім беру платформасы ретіндегі позициясын нығайтады.