Анықтама
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарын оқу жылдарына қабылдау туралы жыл сайынғы бұйрықтарына сәйкес, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ІІМ оқу орындары жоғары оқу орындарына қабылдау жоспарының 20%-ына дейінгі мөлшерде «тікелей қабылдау» тәртібімен абитуриенттерді қабылдайды.
«Тікелей қабылдаумен» оқуға түсуге ниет білдірген азаматтар оқуға түсетін жылдың ақпан–мамыр айлары аралығында оқу орнының сайты арқылы онлайн түрде немесе тікелей оқу орнының кадр аппаратына өтініш бере алады.
Оқуға кандидатқа оның жеке ісін оқу орны тарапынан жинақтауға қажетті құжаттар тізімі, сондай-ақ әскери-дәрігерлік комиссиядан (ӘДК) өту және полиграфологиялық зерттеуден өту үшін жолдама беріледі.
ІІМ оқу орнына қабылдау конкурс негізінде, оқуға түсетін жылдың шілде айында, кандидаттың ӘДК қорытындылары, дене даярлығы нормативтерін тапсыру нәтижелері және ҰБТ көрсеткіштері бойынша оқу орнының қабылдау комиссиясымен жүзеге асырылады.